Мен ұсынатын төрт кітап БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ. Бердібек Соқпақбаевтың туындысы. Бердібек десе әуелі ойыңызға "Менің атым Қожа" оралуы мүмкін. Қожа сөзсіз шедевр. Ал мына "балалық шаққа саяхат" өзінше бір ерек дүние. Өйткені бұл-Бердіағаңның өз өмірі, өз балалық шағы. Повесть "үзік-үзік суреттерден" басталады. Кеңес кезіндегі "кәмпескі" айтылып, малынан айрылған халықтың ауыр халі сөз болады. Сол тұстағы қиын балалық шақты автор сізге сарказммен шебер жеткізеді. "Табылған тәсіл", "Менің ғажап пималарым", "Жаңа киімдерден көрген азабым", "Жұмағұл" тақырыптарындағы жайттар сізге мұны анық байқатады. Повесттің тілі жеңіл. Бірінші жақпен жазудың шебері атанған Соқпақбаев бұл шығармада да сол биігін сақтап қалған. ҰШҚАН ҰЯ. Бауыржан Момышұлы жазған бұл еңбек негізі орыс тілінде "Наша семья" деген атпен жарыққа шыққан. Орыстілділерге қазақтың мәрттігін, даналығын өмір салтын жеткізуді мақсат тұтқан. Баукең бір сөзінде "менің шығармашылығымда ойдан шығарылған кейіпкер" жоқ дейді.Ұшқан ұяда да Момышұлы кейіпкерлерді өз өмірінен, өз ауылынан алған. Бұл роман қазақтың этнографиялық энциклопедиясы сынды. Салт дәстүрімізден алаңсыз сыр шертерді. Қазақпын деген жанның оқуы керек кітаптың бірі осы "Ұшқан ұя" болса керек. АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ. Әзілхан Нұршайықовтың жастар көбіне "Махаббат қызық мол жылдарын" ғана оқып, сонымен таниды. Алайда Әзағаң тек махаббаттың майын тамызып жазатын жазушы емес. Соғыс көрген сержант. "Ақиқат пен аңыз" Баукеңнің "Ұшқан ұядан" кейінгі өмірі мен соғыстан кейінгі өмірін қамтуды мақсат тұтқанымен Ұлы Отан соғысын да айналып өтпейді. Бұл диалог-роман Бауыржан Момышұлының артынан ерген аңызбен ақиқатты ажыратады. Сонымен қатар соғыстағы қазақтың небір қайсар ұлдарының ерлігі мен орыстың мықты генералдары мен танысасыз. АПАМНЫҢ АСТАУЫ. Қазақ әдебиетіне жасындай жарқылдап келген Оралхан Бөкейдің шағын әңгімесі. Мемуар мәнзелдес бұл шығарманы оқып отырып еріксіз көңіліңіз босап, көзіңіздің жасын сығып алуыңыз әбден мүмкін. Әр естеліктен соң "апам менің" дегенде, қазақтың сол бір он саусағынан өнер тамған, ораза-намазы бұзылмаған инабатты әжесін жазушымен бірге шын сағынасыз. Әңгіменің соңын да автор алдыңғы оқиғамен байланыстырып шебер аяқтайды. P.S: Аталған төрт туындыны байланыстыратын бір дүние бар. Ол - шындық. Төрт шығарма да ақиқатты арқау етеді. Мұзаффар Әлімбаев "шыншыл қалам шымыр жазады" деген екен. Біз де соған бек қосыламыз. Исатай БАТЫР